. .

12 қараша күні Қазақстан-Британ техникалық университетінің жоғары басшылығы Алматыдағы Ауғанстанның бас консулымен және Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілімен кездесті. Кездесуде жас мамандарға арналған тренингтерді дамыту және елдер арасында тәжірибе алмасу саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Алматыдағы Бас консул Вайс Паяб мырза, Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Талғат Қалиев және кездесудің басқа да қатысушылары ҚБТУ ректоры Кенжебек Ибрашевпен Ауғанстан мен Қазақстанның білім беру мекемелері арасындағы одан әрі ынтымақтастық перспективаларына қатысты бірқатар мәселелерді, атап айтқанда, Ауғанстан үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрлар даярлау, сондай-ақ Ауған оқытушыларының біліктілігін арттыру, ҚБТУ базасында тағылымдамалар ұйымдастыру және көшбасшылық әрі кәсіпкерлік дағдылар бойынша тренингтерді талқылады.

Сондай-ақ, кездесуде ауған әйелдерінің білім алу мүмкіндіктерін ұсынуға бағытталған ЕО қаржыландыратын бастама - "Қазақстан мен Өзбекстанда білім беру және кәсіби дайындық арқылы ауған әйелдерінің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау көрсету" ұсынылды. Жоба ауған әйелдерінің жоғары білім алуға деген ұмтылысын қолдау үшін Еуропалық Одақ (ЕО) ұсынған 2 миллион еуро көлеміндегі грант аясында жүзеге асырылуда. Жобаны БҰҰДБ іске асырады. 2025 жылға дейін барлығы 50 ауған әйелдері Қазақстан мен Өзбекстанның үздік жоғары оқу орындарында техникалық және кәсіптік білім алатын болады. Бүгінгі таңда ҚБТУ-да стипендия алған 19 ауған әйелдері білім алуда. Кездесу барысында ҚБТУ бизнес-мектебі TVET бағдарламасының студенті Шазия Новрози жобаға қатысушы ауған студенттерінің атынан алғыс сөз бөлісті. Шазия жобаның серіктестеріне Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігі үшін алғысын білдірді.

Өз кезегінде ҚБТУ кездесу аясында санитарлық нормаларды сақтай отырып, қонақтарға университет бойынша экскурсия және Nanotechnology, Bloomberg, Honeywell зертханаларын таныстыруды ұйымдастырды.