. .

Құрметті студенттер, магистранттар және докторанттар!

ҚБТУ  білім алушылары мен қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 14 наурыздағы №108 бұйрығына сәйкес ҚБТУ қашықтықтан білім беру технологияларын (ҚБТ) қолдану  арқылы сабақтар жүргізуге көшті.

 

Университет әкімшілігі онлайн оқуға көшкен сәттен бастап және  бүгінге дейін студенттер, магистранттар, докторанттар және профессорлық-оқытушылық құрам арасында онлайн оқу барысы және  туындап жатқан қиындықтар  туралы  ұдайы сауалнамалар жүргізіп келеді. Білім алушылардың емтихан сессиясын тапсыруға даярлығы мен техникалық қамтамасыздығы туралы сауалнама өткізілді, студенттермен, магистранттармен, докторанттармен жекелеген онлайн кездесулер, сондай-ақ әрбір факультет оқытушыларымен қашықтықтан білім беру технологияларын қолдану арқылы оқыту және емтихандар өткізу мәселелері бойынша  кездесулер мен  кеңестер өткізілді.

 

Оқу жоспарында  бұрын көзделген барлық емтихандар алынып тасталмайды. ҚР БжҒМ-нің пандемия кезеңінде жоғары оқу орындарында аралық және қорытынды аттестацияларды ұйымдастыру бойынша ұсыныстарына сәйкес ҚБТУ-да емтихан сессиясы қашықтық режімінде өткізілетін болады.

 

Еліміздегі  жетекші жоғары оқу орындарының бірі  бола отырып,  тіпті  төтенше жағдай және  карантин жағдайында біз білім берудің  жоғары сапасын сақтауға және академиялық адалдық  ұстанымдарын бұлжытпай орындауға ұмтыламыз. Емтихандар формаларын анықтау барысында сондай-ақ біз әр пәннің өзіне тән ерекшелігі мен білім алушылардың техникалық мүмкіндіктерін ескерудеміз. Кешенді тәсілді қолдану барлық студентке көктемгі емтихан сессиясына кедергісіз қатысуға мүмкіндік береді.

 

ҚБТУ-дың 2020 жылғы 24 сәуірдегі Ғылыми кеңесінің №8 шешімімен емтихандарды тапсыру жазбаша, тестілік және ауызша формаларда, сондай-ақ топтық жобалар (home based open book) түрінде жүзеге асырылатын болды. Кейбір пәндер бойынша  ағымдағы аттестация қорытындылары бойынша  жиынтық  баға алу мүмкіндігі де бар. Мұнымен қоса, оқытудың жаңа формасына аяқ астынан өту мен ҚБТ форматында  оқытудың бастапқы кезеңінде жолығуға тура келген техникалық қиындықтарды ескере отырып, емтиханға өту үшін семестр бойғы сабақтарға қатыспау  санын  есептемеу шешімі қабылданды. Емтихан сессиясына  семестр бойы және аралық аттестация бойынша 30 баллдан жоғары жинаған білім алушылар жіберіледі.

 

Әрбір пән бойынша нұсқаулықпен танысқаннан кейін, студенттерде, магистранттарда және докторанттарда  қажетті техникалық құрылғылар болмауы,  не қандай да бір емтиханға қатысу үшін  интернет желісіне қосыла алмау жағдайында 2020 жылғы 20 маусымға дейін ауызша формада емтихан тапсыру шартымен «Incomplete» («I» - «пән аяқталмаған») бағаларын алуға өтініш беру мүмкіндігі болады.

 

Емтихан кезінде 10 минуттан  аса уақытқа созылған техникалық кемшіліктер болуы жағдайында  білім алушыларға  емтиханды 72 сағат ішінде ауызша формада қайта тапсыру мүмкіндігі  ұсынылатын болады.

FX қайта тапсыру да академиялық күнтізбеге сәйкес қашықтық режімінде өткізілетін болады.

 

Интернетке қатысты күрделі мәселелері бар, техникалық қиындықтар туындаған білім алушыларға емтихан сессиясына қатысу мүмкіндігін ұсыну мақсатында ҚР БжҒМ және университет елді  мекендердегі мектептер ресурстарын  студенттердің пайдалануы үшін  жергілікті атқарушы органдармен жұмыстар жүргізуде.

 

Өздеріңізге мәлім, Бизнес мектебі және Қазақстан теңіз академиясы сияқты кейбір  факультеттерде бірқатар  халықаралық агенттіктер тарапынан аккредиттелген бағдарламалар жұмыс істейді, ал Халықаралық экономика мектебі Лондон  экономика мектебіне қос дипломды бағдарлама түлектеріне Лондон университеті дипломдарын беру құқығына қосылған. Осыған байланысты ҚБТУ мен білім алушыларда серіктестер алдында белгілі бір  міндеттемелер бар, және аталған факультеттердің тиісті пәндері бойынша емтихандар серіктес-университеттер және аккредиттік агенттіктер талаптарына сәйкес жүргізілетін болады.

 

2019-2020 оқу жылының  күзгі семестрі кезінде ҚБТ қолдану арқылы аралық және  қорытынды аттестация өткізу ережелері, сондай-ақ емтихандар тапсыру бойынша кестелер мен нұсқаулықтар жақын уақытта ресми www.kbtu.kz веб-сайтында және Uninet порталында  орналастырылатын болады. Жуықтағы екі күн ішінде факультеттер мен мектептер декандары кездесулер ұйымдастырады, онда алда тұрған емтихан туралы қосымша ақпараттар ала аласыздар.

 

www.kbtu.kz веб-сайты мен Uninet бұрынғыдай өзекті ақпараттар беру көзі ретінде қызмет етеді. Сондай-ақ қажеттілік барысында ақпараттар студенттермен өзге де қатынас арналары арқылы таратылатын болады.

 

Барлық сақтық шараларын сақтап, денсаулықтарыңызды күтіңіздер. Өздеріңе және жақындарыңызға қорған болыңыздар!

Сіздерге табыс тілеймін!

 

Ректор,

«ҚБТУ» АҚ Басқарма Төрағасы                     К.Н. Ибрашев