Қайырлы күн, құрметті студенттер!
 
Сіз Пән-Бастау факультетінің сайтына еніп отырсыз. Аталымы айтып тұрғандай, біздің факультетте өзіңіз таңдап, алға қойып отырған мақсаттарыңызға – сапалы кәсіби білім алуға мықты сеніммен, үлкен дайындықпен баруыңызға іргетас қалайтын білім аласыз.
Факультеттің профессорлық-оқытушылар құрамы жүргізетін кешенді пәндер арқылы адам мен қоғамның, мәдени тұтастық пен заманауи жаһандық тенденциялардың, айналада жүзеге асырылып жатқан жаңашылдықтардың мәні туралы білім әлеміне жол ашылады. Бізде жалаң деректер мен оқиғаларды, сандар мен адам есімдерін санамалап айтудан аса алмайтын дәрістер оқылмайды. Оқытушыларымыздың педагогикалық бай тәжірибесі мен шеберлігінің, биік кәсіби құзіреттіліктерінің арқасында Сіздердің шығармашылық, танымдық, креативтілік қабілеттеріңіз дамиды, ортақ мүддеге бағытталған ізденіс жұмыстарын жүргіізе алуға қажетті дағдыларыңыз жетілдіріледі. 
Гуманитарлық пән сабақтарында жалпыадамзаттық және ұлттық  құндылықтар мен олардың түпкі мәні туралы білім алып, өз ойыңызды, көзқарастарыңызды жеткізуге төселесіздер, логикалық жазылым жұмыстары мен эссе жазу арқылы өз тұжырымдарыңызды ғылыми негіздеуге үйренесіздер, академиялық сөз шеберлігіне қажетті іскерліктеріңіздің қалыптасуы нәтижесінде сөздік қорыңыз байиды, тіл жұмсау сауаттылығыңыз артады. 
      Біздің факультет – қоғамдық-студенттік өмірдің қайнаған ортасы. Сіздің де осы ортаға тез сіңісіп, өз бойыңыздағы командада жұмыс істеуге қажетті бастамашылдық, қатысымдық қабілеттеріңізді танытатыныңызға,  көшбасшылық қасиетіңізді шыңдайтыныңызға бек сенемін.
 
Төменде берілген ақпараттарды оқи отырып, біздің факультеттің басымдықтары мен мақсат-мұраттары жөнінде мағлұмат ала аласыз. 
Сіздің өмірдің жаңа белесіне басқан қадамыңызға сәттіліктер серік болсын! Сізді факультетке қарасты кафедралар асыға күтеді. Факультет оқытушылары өзіңізге қолайлы уақытта Сізді  толғандырған кез келген мәселе жөнінде сұқбаттасуға және кеңес беруге әзір.
 
Джумасейтова Әсел Кеңесқызы
Пән-Бастау факультетінің деканы
 
ПӘН-БАСТАУ ФАКУЛЬТЕТІ
 
«ҚБТУ» АҚ-ның Пән-Бастау факультеті 2010 жылы ашылған. Факультет ¬¬–барлық мамандықтар бойынша студенттерге сәйкес бағдарлар мен біліктіліктер бойынша білім берудің жалпыға міндетті стандарттарының, халықаралық стандарттардың талаптарына сай оқыту үдерісін ұйымдастыратын университеттің оқу, ғылыми және әкімшілік құрылымдық бөлімшесі. 
Факультеттің миссиясы – студенттерді өздері қалаған  кәсіби мамандықтары бойынша берілетін терең білім алдында жалпы білім беру сатысындағы  мәдени-интеллектуалдық дайындықтан өткізу.
Факультеттегі профессор-оқытушылардың  мақсаты студенттерге жалпы гуманитарлық (тарих, философия, әлеуметтану, саясаттану), жаратылыстану-математикалық (физика) таным негіздерін меңгерту, сондай-ақ, тілдік (қазақ, орыс, ағылшын) дағдылары мен іскерліктерін жетілдіру арқылы олардың интеллектуалдық әлеуетін көтеру және дамыту. 
Білім беру үдерісіндегі оқу-тәрбие жұмыстарының аясында жетістіктерге талпынған, белсенді еңбек етуге құштар, инновациялар мен өзгерістерге толық дайын, өзінің алдына айқын мақсат қойған, сол мақсатына жетуге асық, қоғамда өз орнын иемденуге ұмтылатын, заманауи ортада өмір сүруге бейім жастардың кісілік қасиеттері мен тұлғалық қабілеттерін қалыптастыру көзделеді.
Міндеттері

 

  • гуманитарлық бағдардағы оқу пәндері бойынша студенттердің білім алуына қажетті жағдай жасау;
  • қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде кәсіби, тұлғааралық, мәдениетаралық қарым-қатынастарды жүзеге асыруға қабілетті мамандырдың жаңа толқынын дайындау;
  • студенттердің шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту;
  • тұлғаның азаматтық позициялары мен қоғамдық мәні зор дүниетанымдық және рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру;
  • студенттерді белсенділікке баулу.

 

Басымдықтар

 

Пән-Бастау факультетінде оқытылатын пәндерді игермей тұрып, техника саласының маманы болу – ойға сыйымсыз.
Факультет студенттерді алғашқы оқу жылында оның болашақ мамандығына байланысты өмірлік маңызы зор бастапқы дағдыларды қалыптастыруға бағдарлайды. Студенттер өзінің кәсіби және мәдени деңгейін көтере отырып, ҚБТУ-ды да өзінің миссиясын Қазақстандағы ғылыми-техникалық элитаны даярлау деп айқындаған жаңа толқындағы жоғары оқу орны ретінде кеңінен танымал етуге және оның  беделін көтеруге атсалысады. 
Пән-Бастау факультетінде студент меңгерген жалпыгуманитарлық және жаратылыстану-математикалық білімдер – оның өзін толыққанды тұлға деп сезінуіне, жеке басының дамуы мен болмыс мәдениетінің қалыптасуын түйсінуіне жол ашады. Сонымен бірге студенттер өзінің мойнында осы үдерісте және жалпы адамзаттық өркениеттің дамуында жеке жауапкершілігі бар екенін ұғынады.

 

Факультет құрамына:
 
1. Тілдер кафедрасы:
- Қазақ және орыс тілдері секторы
- Ағылшын тілі секторы
2. Жалпы білім беретін пәндер кафедрасы:
- Тарих және әлеуметтік ғылымдар секторы
- Физика секторы
- Дене тәрбиесі мен спорт секторы